
Астанада Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде "Дене шынықтыру мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық: мәселелер, даму бағыттары" тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Білім Министрлігі ұйымдастырды. Жиынға Туризм және спорт министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, "Жас сарбаз" ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының, сондай-ақ білім беру ұйымдарының, мамандандырылған оқу орындары мен әскери құрылымдардың өкілдері қатысты.
Талқылау жиынының негізгі мақсаты - жастардың дене тәрбиесі мен әскери даярлық жүйесін жетілдіру, әскерге шақырылғанға дейінгі психологиялық және дене дайындығының деңгейін арттыру, моральдық-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және патриоттық тәрбиені нығайту.
Іс-шара аясында қатысушылар "Дене шынықтыру" және "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәндерін оқыту, әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру, мамандандырылған білім беру мекемелердің болуы, әскерге шақырылушыларды медициналық тексерісті қамтамасыз ету және әскери қызметті ұйымдастыру мәселелерін қарады.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, Қазақстанда жастарды дене шынықтыру және әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін одан әрі дамыту бойынша нақты шараларды ұсынды.