3 тамызда түнде «Тараз-Алматы» тас жолында болған көлік апатынан еркін күрес палуандары Жақсыбек Қарабалаев, Жанбота Байбазар жəне Ілияс Жұмай қайтыс болды.
Ал сол көлікте бірге болған Нұрдəулет Заутбек пен Шыңғысхан Мұхаметқалиев қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі көлік апатынан қайтыс болған палуандардың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
«Жастар арасында талай байрақты бəсекеде топ жарып, ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылардың қазасы қабырғамызды қайыстырып отыр.
Бозкілем шеберлерінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.
Марқұмдардың көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын»,-делінген көңіл айту хатында.
А.Райымқұлова сондай-ақ ауыр жарақат алған палуандарымыздың тез сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.