Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында соңғы күні күміс жүлдегер атанды

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында соңғы күні күміс жүлдегер атанды

Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко Кувейт астанасында аяқталған Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.

Стенд атудың скит бағдарламасындағы Қазақстан-1 құрамасы алтын медаль жолында Қытай мергендерімен шеберлік байқасты. Бұл дуэльде Әсем мен Эдуард қарсыласы У Юньсюаня мен Цзян Итинге есе жіберді. Есеп: 43-45.

Қола жүлделер Бахрейн мен Үндістан құрамасына бұйырды.

Осы тұста бұл жаттығу жаңа ереже бойынша өткенін айта кетейік. Бүгін әр мерген әдеттегідей 2 емес, 4 реттен нысана көздеді. Бұл әр позицияда 2 оқ атқаннан кейін жылжып отыратын мергендер үшін тосын жай болғаны анық.
Келе жатқан Париж Олимпиадасында скит бағдарламасында аралас жұптық сында (микст) жүлде сарапқа салынады. Алайда Кувейттегі сары құрлық додасында лицензия үлестірілген жоқ.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпы есепте 2-орын алды. Көш басында Қытай (5 алтын), ал үздік үштікті Қытайдың Тайпейі түйіндеді (2 алтын).

Биыл 35 елден 350-ден астам спортшы өзара сынға түсті. Бұл қатарда 18 қазақстандық аттанды.