23 қыркүйек-8 қазан аралығында өтетін Азия ойындары алғаш рет жазғы Олимпиадаға бір жыл қалғанда ұйымдастырылады. Осы орайда спортшылар 40 спорт түрінен сынға түссе де, барлығында лицензияға таласа алмайды. Төменде лицензия сарапқа салынатын спорттарды ұсынамыз:
Бокс – 34 лицензия (ерлер – 7 салмақта финалға шыққан 14 боксшы, әйелдер – 50, 54, 57, 60 келіде жартылай финалға шыққандар, 66, 75 келіде финалға шыққан боксшылар)
Садақ ату – 5 лицензия (ерлер — 1,2-орын алғандар, әйелдер — 1,2-орын алғандар, аралас команда — 1-орын алған құрама)
Қазіргі бессайыс – 10 лицензия (ерлер 5 лицензия және әйелдер 5 лицензия)
Брейк-данс – 2 лицензия (ер — 1 және әйел — 1)
Үлкен теннис – 5 лицензия (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар; тек жеңімпаздар лицензия алады)
Су добы – 2 лицензия (ерлер — 1 және әйелдер құрамасы — 1)
Әртістік жүзу – 2 лицензия (әйелдер дуэті — 1, командалық сайыс — 1)
Көгалдағы хоккей - 2 лицензия (ерлер — 1, әйелдер құрамасы — 1)
Жүзу, жеңіл атлетикада белгілі бір уақыт нормативін орындаса, Олимпиада жолдамасы беріледі.
Ал Париж Олимпиадасына кіретін өзге спорттардан Азия ойындарында жүлделер сарапқа салынса да, лицензия берілмейді. Кей жарыстар спортшылар үшін рейтингтік ұпай беруге көмектеседі. Медаль көп сарапқа салынатын күрес түрлерінен лицензия әлем чемпионаты мен келесі жылы өтетін іріктеу додаларында ойнатылады.