
Оралда самбодан шеберлер арасында әлем чемпионаты басталды. Бұл сында 14 елден 300 ден аса ардагер самбошылар бақ сынауда. Кезінде халықаралық деңгейде белдесіп, өз елдерінің намысын қорғаған шеберлер қазір де спортты серік етіп жастарға үлгі болып жүр.
Алғашқы жарыс күні үш жас мөлшері бойынша 9 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды.
Қазақстандықтар бес салмақта үздік шықты. Солардың ішінде 62 жастағы Қазболат Құрмашев 7 -дүркін шеберлер арасында әлем чемпионы атанса, 65 жастағы Әбдісадық Халилаев 5 мәрте әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар өз жас мөлшерлері бойынша жерлестерімізден Боранбай Тергеубеков, Самалбек Айнатаев және Сейітхан Дәуітовтар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Шеберлер арасында самбодан әлем чемпионаты бүгін, 10 қыркүйекте аяқталады.