
Бүгін Будапештте жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының соңғы күнінде әйелдер арасында биіктікке секіру жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.
Финалда өнер көрсеткен отандасымыз Надежда Дубовицкая жүлдеге іліге алмады. Ол 1.90 метрге секіріп жарысты 9-орынмен аяқтады.
Бір жыл бұрын АҚШ-та күміспен күптелген Украина спортшысы Ярослава Магучих 2.01 метр нәтижесімен жеңімпаз атанды. Былтырғы әлем чемпионы - австралиялық Элинор Паттерсон 1.99 метр көрсеткішпен күміс жүлде иеленді. Оның отандасы – Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Никола Олислагерс де осындай биіктікті бағындырды. Бірақ қарсыласына қарағанда көп мүмкіндік жұмсады. Сөйтіп, ол қола медальді қанағат тұтты.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8 миллион 498 мың долларды құрады. Сыйақылар тек жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ғана емес, сонымен қатар үздік сегіздікке енген спортшыларға да берілді (80, 40, 20, 16, 12, 8, 6 және 4 мың АҚШ доллары). Әлем рекордын орнатқан спортшылар 100 мың доллармен бөлек марапатталды.