
Иранның Урмия қаласында өтіп жатқан волейболдан ерлер арасындағы XXII Азия чемпионаты бел ортасына жетті.
Бүгін Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Біздің волейболшылар Өзбекстаннан басым түсіп (3-1), бәсекедегі 13-орын үшін таласты жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, С тобына түскен біздің спортшылар Индонезия (1-3) мен Қытайға (2-3) жол беріп, плей-офф кезеңіне шыға алмаған.
Алдағы күндері А тобының көшбасшысы Иран Пәкістанмен, B тобының үздігі Жапония Бахрейнмен, С тобындағы көшбасшы Қытай құрамасы Үндістанмен, Қытайдың Тайпэйі (D тобы) Иракпен, Е тобының үздігі Қатар Таиландпен, F тобының жеңімпазы Оңтүстік Корея командасы Индонезиямен ойнап, бас жүлде жолында күш сынасады.
Ал қалған мемлекеттер 13 пен 18-орындар аралығын өзара бөліседі. Борис Гребенников баптайын біздің Ұлттық құраманың келесі қарсыласы енді анықталады.