Бүгін Әзірбайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында кезекті жүлде жиынтығы сарапқа салынып жатыр.
Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сатпаев пен Александра Ле жұбы іріктеуде 22-орыннан көрінді. Екеуінің нәтижесі 627,7 ұпай. Еліміздің намысын қорғаған тағы бір дуэт Константин Малиновский мен Елизавета Безрукова 53-орын алды (622,8 ұпай).
Мұнда қытайлық атлеттер финалда Иран мергендерін айқын басымдықпен жеңіп, кезекті бас жүлдені қоржынға салды. Ал қола медаль үшін Франция-1 мен Израиль таласып, алғашқысының мерейі үстем болды. Бүгін барлығы 77 жұп бақ сынады.
Айта кетейік, Әзірбайжан астанасындағы дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Қазір 101 мемлекеттен келген 1200-ден астам мерген бақ сынап жатыр. Байрақты бәсеке кезінде келесі жылы Францияның бас қаласы қабылдайтын Олимпиаданың 48 жолдамасы сарапқа салынады.