Астанада орталық мемлекеттік органдар арасындағы республикалық Спартакиада өтуде

Астанада орталық мемлекеттік органдар арасындағы республикалық Спартакиада өтуде

Бүгін Астана қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында орталық мемлекеттік органдар арасындағы республикалық Спартакиаданың ашылуы өтті.

Іс-шарада алғашқы болып ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші – ол өз ісінің кәсіпқой маманы ғана емес, ең алдымен өз денсаулығына тиісті назар аударуды қажет ететін тұлға. Сондықтан да жиналған барлық қауымға спорттық жарыстарда сәттілік тілеймін!», - деді Ербол Мырзабосынов.

Аталмыш жарыс футзал, волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, бильярд сияқты спорт түрлерінен ұйымдастырылуда.

Турнирге барлығы 24 командадан астам құрамында 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, Спартакиаданың мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, командалық рухты, мақсатқа ұмтылушылықты, ерік-жігерді, табандылықты және жеңіске ұмтылысты тәрбиелеу.

Дода 13 тамызда аяқталады.