Елордада теннистен ҚР VI жазғы Спартакиадасы басталды

Елордада теннистен ҚР VI жазғы Спартакиадасы басталды

Бүгін Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында ҚР VI жазғы Спартакиадасының алауы жағылды.

Іс-шарада алғашқы болып федерация вице-президенті Диас Досқараев сөз сөйлеп, жарыстың ережелерін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, спартакиаданың төрешілерін таныстырып, доданың әділ өтуі үшін тәртіп болуы керектігін айтты.

Бір аптаға созылатын сайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 45 спортшы қатысады. Оның ішінде ерлер - 23, әйелдер - 22.

Бәсекеде ұлттық құрама сапында танылып үлгерген спортшылар да бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Гозаль Айнитдинова, Аружан Сағындықова, Григорий Ломакин, Достанбек Ташбулатов, Тимур Мәуленов елішілік турнирдің жүлдесіне таласады.