Алексей Луценко мен Махаббат Үмітжанова жекелей сайыста Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары атанды

Алексей Луценко мен Махаббат Үмітжанова жекелей сайыста Қазақстан Спартакиадасының жеңімпаздары атанды

Бүгін Талдықорған қаласында тас жолдағы велоспорттан ҚР VI Жазғы Спартакиадасының екінші жарыс күні өтті.

Ерлер 30 шақырымды құрайтын жекелей жарыстың жүлделерін сарапқа салып, Солтүстік-Қазақстан облысының намысын қорғайтын Алексей Луценко жеңімпаз атанды. Ұлттық құрама көшбасшысы бұл қашықтықты 34 минут, 34 секундта жүріп өтті. Екінші орынды Павлодар облысының өкілі Дмитрий Груздев иеленді (0:35:58). Ол жеңімпаздан 1 минут, 24 секундтқа қалып қойды. Үздік үштікті Жетісу облысының шабандозы Антон Кузьмин түйіндеді (0:36:09).

Әйелдер 25 шақырымдық қашықтықта сынға түсіп, 36 минут 3 секунд уақыт көрсеткен Махаббат Үмітжановаға (СҚО) тең келер ешкім болмады. Күміс және қола жүлделерді Жетісу облысының спортшылары Виолетта Казакова (0:37:11) мен Ақпейіл Өсім (0:37:21) иеленді.

Енді «элита» санатының өкілдері топтық жарыстың жүлделері үшін таласқа түседі. 24 маусымда әйелдер 105 шақырым, ал 25 маусым күні ерлер 164 шақырымдық қашықтықтарда өзара мықтыларды анықтайды.