ІҮ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

ІҮ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты баспасөз конференциясы өтті, оған ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы С.Ерғалиев, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов, «Қазақстан Барысы» М.Исағабылов, көкпардан Азия чемпионы Қ.Тұрғанбек қатысты.

Самат Серікқанұлы мемлекет тарапынан спортшылардың Ойындарға дайындығы мен қатысуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.

«Бұған дейінгі ойындарда Қазақстан Республикасының құрама командасы белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп келген, атап айтқанда жалпыкомандалық есепте 2014 жылы – 2 орын, 2016 жылы – 3 орын, 2018 жылы – 2 орынды иеленген болатынбыз. Бұл елімізде ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқандығының көрінісі. Осы алдағы дүбірлі додада да спортшыларымыз жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдеміз»,-деді комитет төрағасы.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Түркияның Изник қаласында 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді. Қазақстан Республикасынан қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату спорт түрлері бойынша 53 спортшы ел намысын қорғайды.

Аталған 5 спорт түрі бойынша спортшылардың барлығы ел ішінде де, шетелде де арнайы оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тыңғылықты дайындық жүргізді.

Ұлттық спорт олимпиадасына айналған шараға 23 спорт түрі бойынша әлемнің жүзге жуық елінен спортшылар қатысады деп күтілуде. Жалпы жарыста 23 спорт түрі қамтылған, оның ішінде 10 спорттан тек көрсетілім ғана болады.

Ұлттық спорттың әлемдік бәсекесі туралы ресми ақпараттар Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының www.ulttyqatsort.kz  сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.