
Астана – Астанада дзюдодан ҚР чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің 16 облысы мен үш қаласынан келген 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың салтанатты ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР дзюдо Федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров қатысты.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әлем чемпионы Максим Раков пен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқановты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапаттап, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжановтың жеке бапкері Айдар Қайырбаевқа ҚР «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы куәлігін, Жакартада өткен Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамзаның әкесі және жеке бапкері Марат Файзиевке ҚР «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» куәлігін, жақында ғана Әзербайжан астанасы Баку қаласында дзюдодан өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжановқа ҚР «Еңбек сіңірген спортшысы» куәлігін табыстады.
Сондай-ақ, жарыстың ресми ашылуы барысында дзюдодан әлем чемпионы Максим Раков пен дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов кәсіби спортпен ресми түрде қоштасқанын мәлімдеді. Қазақстан чемпионатының бірінші күнінде татами шеберлері 4 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады. Ерлер -60 кг, -66 кг салмақ дәрежесінде белдессе, әйелдер -48 кг, -52 кг салмақ дәрежелерінде күресті.