
Астана — Басқосуға Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, фристайл-могулдан еңбегі сіңген спорт шебері Юлия Галышева, кәсіби боксшы Садриддин Ахмедов, мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева, шаңғымен трамплиннен секіру спортынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Ткаченко қатысты. Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті. «Мен сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Осы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Ал спорт, негізінен, - жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Сіздерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді», - деді Қазақстан Президенті.