Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпия ойындарының кезекті жарыс күні Қазақстанның дзюдо құрамасы үшін сәттілікке толы болды. Біздің спортшылар екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы қазақстандық дзюдо мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Қанафин финалдық белдесуде венгр дзюдошысы Патрик Отвошты сенімді түрде жеңіп, Сурдлимпия ойындарының чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы жарыс бойы қарсыластарына мүмкіндік бермей, шешуші кездесуде де басымдықты толық өз жағында ұстай алды.
70 келіге дейінгі салмақта елімізге тағы бір алтын медальді Амина Файзулина сыйлады. Ол финалда украиналық дзюдошы Марина Похореловамен кездесіп, жоғары техникасы мен тактикалық шеберлігін көрсетіп, жарысты тұғырдың ең биік сатысында аяқтады.
100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тоқтарбек Айдарбек те финалға дейін жетті. Шешуші белдесуде ол француз дзюдошысы Артур Репикемен кездесіп, тартысты өткен кездесуде қарсыласынан ұтылып, Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері атанды.
Турнирдің қола жүлдегерлері қатарында Анна Краморова мен Сабыржан Хапизов бар. 78 келіге дейінгі салмақта Краморова франциялық спортшы Нинон Таилиден үстем түсіп, сурдлимпиада медалін жеңіп алды. Ауыр салмақта, 100 келіден жоғары санатта Сабыржан Хапизов үшінші орын үшін өткен белдесуде украиналық спортшы Володимир Маклаковты жеңіп, ұлттық құраманың қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиялық комитеті вице-президенті Азамат Қарлығашев Еркебұлан Қанафиннің жеңісін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қанафин Қазақстан тарихында дзюдодан Сурдлимпия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Сондай-ақ ол бұл күнгі нәтижелер бапкерлік штаб пен бүкіл команданың жүйелі еңбегінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша дзюдо құрамасының қоржынында төрт алтын, бір күміс және төрт қола медаль бар. Медальдық есеп нәтижесі бойынша Қазақстанның дзюдо құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.