
2025 жылғы 18 маусымда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде 2025 жылғы түлектерге аттестаттар мен дипломдар табыстауға арналған салтанатты кеш өтті.
Биылғы оқу жылын 59 мектеп оқушысы мен 40 колледж студенті аяқтады. Мектеп түлектерінің ішінде Аяулым Жанұзақ пен Эрика Жайлауоваға «Үздік аттестат» табысталса, қызыл диплом иегерлері — Омар Дүйсембек пен Ақбота Жалыныва атанды.
Түлектер арасында халықаралық аренада жоғары нәтижелерге жеткен спортшылар жетістіктері ерекше аталып өтті. Олардың қатарында — көркем гимнастикадан Азия ойындарының күміс жүлдегері Эрика Жайлауова бар. Ол «Үздік түлек» номинациясымен марапатталды.
Салтанатты кеште ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың ел дамуына қосар үлесін әрдайым ерекше атап өтетінін айтты.Жас ұрпақты қолдау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан жас дарындардың білім алып, дамуына және спортта шыңдалуына барлық жағдай жасап отыр. Осы ретте ол Президенттің:
«Елдің болашағы — жастардың қолында» деген тілге тиек етті.
Түлектерге арнаған құттықтауында Комитет төрағасының орынбасары:
«Бүгін сіздер жаңа өмірге қадам басқалы тұрсыздар. Жолдарыңыз ашық, жетістіктеріңіз жарқын болсын. Сіздер — қазақ спортын алға сүйрейтін буынсыздар. Сенімділік, мықты денсаулық пен дұрыс шешімдер тілеймін»,— деді.
1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп-интернат 1972 жылдан бастап қазақтың даңқты балуаны Хаджимуқан Мұңайтпасовтың есімін иеленді. Осы жылдар ішінде оқу орны көптеген танымал спортшыларды — Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін, әлем және Азия чемпиондарын дайындады.
Олардың қатарында Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Кривошеева, Валерий Тихоненко, Елена Чебукина, Валерий Люкин, Владимир Новиков, Ольга Шишигина, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Нұрбақыт Теңізбаев, Мәулен Мамыров, Григорий Егоров, Екатерина Ларионова, Нұрбек Оралбай, Бақтияр Байсейітов, Алмат Кебіспаев, Ольга Турчак, Наталья Ильенко, Нұрқожа Қайпанов, Мерей Ақшалов, Элизабет Тұрсынбаева, Жәнібек Қандыбаев, Айбек Оралбай және тағы басқа көптеген саңлақтар бар.