Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады.
Қоғамдық жұмыстар республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттер және жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмыссыздардың;
2) денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
3) бос тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
"Еңбек" бағдарламасы шеңберінде азаматтардың қатысу шарттары және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.