
Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен уағдаластық бойынша жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін олардың жалақысын субсидиялау арқылы әлеуметтік жұмыс орнын құрады.
Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады.
Әлеуметтік жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындардан тыс жеке құрылады. Мұндай жұмыс орындарын ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құруға болмайды.
Жұмыс берушінің бастамасы бойынша бос орын туындаған кезде және қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тұрақты жұмысқа орналасуға жол беріледі. Бұл ретте, жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді.
Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмыс берушінің шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру арқылы халықты жұмыспен қамту орталығы республикалық немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеудің бір бөлігін жұмыс беруші еңбек шартында белгіленген мөлшерді негізге ала отырып, ай сайын нақты жұмыс істеген уақыты үшін дербес жүргізеді.
Орындалатын жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақы белгілейді.
Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады.
Қоғамдық жұмыстар республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты және жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы бар:
1) жұмыссыздар;
2) оқудан бос уақытта студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар.
Азаматтардың қатысу шарттары және "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Жастар практикасы өткен үш жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жастан аспаған білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған.
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Жастар практикасы тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс өткізіледі.
Білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады.
Жұмыс берушінің бастамасы бойынша бос орын пайда болған кезде және жастар практикасына қатысушының келісімімен жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тұрақты жұмысқа орналасуға жол беріледі.
Жастар практикасын қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.