Азаматтық қызметке кіру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1017 «Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы мен педагогін қоспағанда, азаматтық қызметке кіру және азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Азаматтық қызметші лауазымына кандидатты іріктеу кезінде қажетті бейін бойынша білімі, кәсіптік даярлық деңгейі, сондай-ақ азаматтық қызметшіге қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – біліктілік талаптары) сәйкестігі негізгі талаптар болып табылады.
Қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігі Кодекстің 16-бабының 16) тармақшасына сәйкес Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары, Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығы, сондай-ақ ұйымдар басшыларының, мамандарының және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары негізінде белгіленеді.
Азаматтық қызметке конкурстық негізде кіру конкурстық негізде алмастырылатын азаматтық қызметшілердің лауазымдарының тізбесіне сәйкес, ұйым басшысы айқындайтын бос және (немесе) уақытша бос лауазымдарға жүзеге асырылады.
Азаматтық қызметші лауазымына тағайындау адам тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.
Ұйымда азаматтық қызметшінің бос лауазымы бар болған жағдайда, тиісті ұйым құжаттарды қабылдау аяқталған күнге дейін кемінде күнтізбелік 15 күн бұрын ұйымның және тиісті саланың (жергілікті атқарушы органның) интернет - ресурсында хабарландыру орналастырады.
Хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау аяқталатын күнге дейін қажетті құжаттарды табыс еткен адамдар конкурсқа қатысушылар болып табылады.
Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдайтын мерзімде ұйымға қолма-қол немесе пошта арқылы мынадай құжаттарды:
1) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілген конкурсқа қатысу туралы өтінішті;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
3) кадрларды есепке алу жөніндегі толтырылған жеке парақты (нақты тұратын мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетілген);
4) лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелерін;
5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін;
6) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтаманы ұсынады.
Азаматтық қызметке тұру кезінде, ол адам сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы мәліметтердің бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсынады.
Көрсетілген құжаттардың бірінің болмауы құжаттарды конкурсқа қатысушыға қайтару үшін негіз болып табылады.
Конкурсқа қатысушы, болған жағдайда оның біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми дәреже мен атақ беру, ғылыми жарияланымдар туралы құжаттардың көшірмелері, алдыңғы жұмыс орнындағы басшылық берген ұсынымдарды) ұсынады.
Конкурс мынадай кезеңдерден тұрады:
1) конкурсқа қатысушылардың біліктілігін бағалау;
2) кандидаттармен әңгімелесулер өткізу;
3) конкурстың қорытындысын шығару.
Құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде комиссия қатысушының біліктілік талаптарына сәйкестігін біліктілікті бағалауды жүргізеді.
Конкурсқа қатысушылардың біліктілік талаптарына сәйкес келу мәніне жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша комиссия дауыс беру жолымен біліктілік талаптарына сәйкес келетін кандидаттардың тізімін бекіту туралы және (немесе) әңгімелесуге жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Ұйым кандидаттардың тізімін бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) біліктілік талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысушыларды кандидат ретінде бекіту туралы, әңгімелесу өтетін күн, уақыт және орын туралы хабардар етеді. Бұл ретте әңгімелесу өтетін күн кандидаттардың әңгімелесуге келуі үшін қажетті уақытты қамтамасыз етуді ескере отырып белгіленеді;
2) біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін конкурсқа қатысушыларды әңгімелесуге жіберуден бас тарту туралы хабардар етеді.
Комиссия кандидаттармен әңгімелесу жүргізген кезде кандидаттардың осы лауазымға функционалдық міндеттерді орындауына қажетті кәсіби білімдері айқындалады.
Комиссия отырысы оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда өткізіледі.
Кандидат, егер оған комиссия құрамынан қатысып отырғандардың көпшілігі дауыс берген жағдайда оң қорытындыға ие болады. Дауыс берген кезде дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда комиссияның кез-келген мүшесінің жазбаша түрде баяндалатын, комиссия отырысының хаттамасына қоса берілетін пікірін білдіреді.
Комиссия конкурстық іріктеудің қорытындылары бойынша ұйымның басшысына конкурстың жеңімпазын азаматтық қызметші лауазымына қабылдау туралы ұсыныммен қоса комиссияның шешімін енгізеді.
Егер конкурс нәтижесінде комиссия осы лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаған болса, конкурс өткізілмеді деп танылады.
Комиссияның оң қорытындысына ие болған кандидатпен ұйымның басшысы еңбек шартын жасасады және азаматтық қызметке қабылдау туралы акт шығарады, онымен азаматтық қызметші таныстырылады.
Конкурсқа қатысушылар мен кандидаттар өздеріне қатысы бар бөлігінде конкурстық құжаттармен және комиссияның шешімдерімен таныстырылады.
Комиссияның шешіміне конкурсқа қатысушылар мен кандидаттар сот тәртібімен шағымданады.