Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен мансап орталығы бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
3) ассистент – әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдем көрсету жөніндегі функцияларды орындайтын мансап орталығының қызметкері;
4) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;