Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі
Ескерту. Әдеп кодексі жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 22.02.2022 № 814 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
Мемлекеттік қызмет қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік тіл мен басқа тілдерге, Қазақстан халқының дәстүрлері мен ғұрыптарына құрметпен қарауға міндеттейді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекет пен оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адал ниетімен құзыретті және тиімді түрде орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.
