«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсын өткізу туралы

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсын өткізу туралы

Бұл конкурс халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін кәсіпкерліктің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған.

Конкурсты өткізудің мақсаттары:

1) жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін, сол секілді тұтас алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру;

2) осы саладағы қолда бар оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату.

Оның қатысушылары еліміздің барлық аумағында жеке кәсіпкерліктің барлық субъектілері бола алады.

Үміткерлер тұтас алғанда қоғамның және соның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін растайтын әлеуметтік бағдарламаларын ұсынуға тиіс.

Конкурс жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде мына номинациялар бойынша өткізіледі:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».

Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын».

Бұл номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) "Үздік ұжымдық шарт".

Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады;

4) "Экологияға қосқан үлесі үшін".

Бұл номинацияда қоршаған ортаның, қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің жай-күйін жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шараларын және жобаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Қосымша «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы болып табылады.

Бұл санатта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және (немесе) тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады.

Гран-при - конкурстың жоғары наградасы жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерге беріледі.

Гран-при "Ірі кәсіпкерлік субъектісі" және "Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі" санаттарында беріледі.

Конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін қабылдау ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіледі, қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады (екі данада):

1) толтырылған өтінім;

2) үміткердің есебі (оның қызмет деңгейін өзін-өзі бағалау және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша нақты нәтижелерді білдіреді);

Үміткердің есебінде:

заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы;

ұйымдық құрылым;

өзге де қосымша ақпарат;

3) есепке қосымша (ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар);

4) Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған нысанда толтырылған сауалнама болуы тиіс.

Аймақтық және республикалық кезеңдерге қатысу тегін.

«Парыз» конкурсына қатысу ережелері мен тәртібі туралы толық ақпаратты «Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ сайтынан білуге болады»,

Конкурс бойынша консультацияны «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалр бөлімі» ММ алуға болады, мекенжайы: Саран қаласы, Жеңіч көшесі, анықтама телефоны 76770, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан да ала аласыздар.