«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау»

«Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-де (жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын) аз қамтылған азаматтарға «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметі (бұдан әрі - қызмет) көрсетіледі.

2024 жылдың 1 тоқсанына кедейлік шегі 33228 теңге мөлшерінде белгіленді.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі туралы ақпарат алу үшін Мансап орталығына жүгінеді
Саран қаласы "Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы" КММ (бұдан әрі-Орталық), Ақтас кентінің тұрғындары - кент әкіміне (бұдан әрі - әкім) жүгінеді.

Көмек тағайындауға үміткер адамға консультация беру кезінде келесі ақпарат беріледі:

шартсыз және шартты ақшалай көмек алу шарттары туралы;

жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына және (немесе) әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына қатысу шарттары туралы;

әлеуметтік келісімшарт жасасу қажеттілігі, әлеуметтік келісімшартқа қатысушы тараптардың міндеттемелері және әлеуметтік келісімшартты бұзу шарттары туралы;

атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту және (немесе) тоқтату шарттары туралы, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау құқығынан айыру туралы;

тиісті ақпараттық жүйелерден сұратылатын мәліметтер тізбесі туралы.

Өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы жүгінеді www.egov.kz (бұдан әрі портал).

Өтініш беруші портал арқылы жүгінген кезде қажетті мәліметтерді алу үшін, электрондық өтінішті қалыптастыру үшін мемлекеттік органдардың (немесе ұйымдардың) ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

Орталық немесе әкім өтінішті өтініш берушінің қатысуымен қабылдаған кезде мынадай мәліметтерді алу үшін «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өз бетінше қалыптастырады:

1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын;

2) кандастың мәртебесі туралы;

3) босқын мәртебесі туралы;

4) шетелдіктің мәртебесі туралы;

5) азаматтығы жоқ адамның мәртебесі туралы;

6) отбасының әр мүшесіне тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы;

7) жәрдемақылар беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк деректемелері туралы;

8) мүгедектікті белгілеу туралы;

9) баланың тууын (қайтыс болуын) тіркеу туралы (барлық балаларға);

10) қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы;

11) бала асырап алу туралы;

12) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде некені (ерлі-зайыптылықты) тіркеу жағдайларын қоспағанда, некені (ерлі-зайыптылықты) қиюды (бұзуды) тіркеу туралы;

13) оқу орнында оқу фактісі туралы - егер асырауындағы адамдар он сегіз жастан жиырма үш жасқа дейін күндізгі бөлімде білім алушылар болса;

14) кірістер туралы (жалақы, әлеуметтік төлемдер, кірістер кәсіпкерлік қызметті жалға беруден және (немесе) жылжымайтын мүлікті және (немесе) жылжымалы мүлікті сатудан);

15) жеке кәсіпкердің мәртебесі туралы;

16) өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, төлеу немесе тағайындауға өтініш беру фактісінің болуы туралы;

17) жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы;

18) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын отбасының еңбекке қабілетті мүшелері (бар болса) үшін еңбек қызметі туралы;

19) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылатын, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері (бар болса) үшін білімі, біліктілігі, арнаулы білімінің болуы туралы немесе кәсіптік даярлау туралы;

20) алименттер туралы және (немесе) олар бойынша үш ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы айына берешектің болуы туралы;

21) өтініш берушінің отбасы мүшелерінің бас бостандығынан айыру немесе мәжбүрлеп емдеу орындарында болуы туралы;

22) меншігінде тұрғын үйдің, үй-жайлардың болуы туралы;

23) меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы туралы;

24) меншігінде көлік құралының болуы туралы.

Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде өтініш беруші мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады, ал өтініш берушіде мұндай мүмкіндік болмаған кезде Орталық, ауылдық жерде әкім тиісті мемлекеттік органға немесе ұйымға жазбаша сұрау салуды ресімдейді.

Мемлекеттік органдарға немесе ұйымдарға жазбаша сұрау салуды ресімдеген кезде құжаттар топтамасын немесе құжаттардың электрондық топтамасын қалыптастыру мерзімі сұрау салуға жауап алғанға дейін ұзартылады, бірақ жазбаша сұрау салу жіберілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайды, бұл туралы өтініш беруші тиісті мемлекеттік органдарға және (немесе) ұйымдарға сұрау салуды жүзеге асырған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етіледі.

Өтінішті және жоқ мәліметтерді растайтын құжаттарды беру мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін үшінші тұлғалар атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның нотариат куәландырған сенімхаты бойынша жүзеге асырылады.

Өтініш беруші құжаттарды салыстыру үшін көшірмесі және түпнұсқа беріледі.

Өтініш беруші өз бастамасы бойынша қажетті құжаттарды қағаз жеткізгіште ұсынады.

Өтініш берген кезде өтініш берушіге Орталықта, кент әкімінде - тіркеу күні мен мемлекеттік қызметті алу күні, құжаттарды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген өтініштің үзбелі талоны беріледі.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі: «порталға», Орталыққа жүгінген кезде -Орталық құжаттар топтамасын тіркеген күннен бастап - 15 (он бес) жұмыс күні;

құжаттар топтамасы кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне тапсырылған күннен бастап - 18 (он сегіз) жұмыс күні.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі - атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы хабарлама, ал бас тартылған жағдайда - Орталық немесе әкім себептерін жазбаша нысанда көрсете отырып, сондай-ақ ұялы байланыс желілеріндегі абоненттік нөмірге хабарламамен жібереді.

Портал арқылы қызмет көрсету кезінде - тағайындау туралы хабарлама, ал бас тартылған жағдайда - себептерін көрсете отырып, уәкілетті органның электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» жіберіледі.

Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады:

1) аз қамтылған болып табылмайтын адамдарға (отбасыларға);

2) отбасының еңбекке қабілетті мүшесі шараларға қатысудан бас тартқан жағдайда - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартылған күннен бастап алты ай ішінде;

3) адамға (отбасына) алушының кінәсінен бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайда - атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінгенге дейінгі алты ай ішінде;

4) жалған ақпарат берген адамдарға (отбасыларға) және (немесе) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін дәйексіз құжаттар ұсынылған күннен бастап алты ай ішінде;

5) учаскелік комиссияның қорытындысына сәйкес материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мұқтаж емес адамдарға (отбасыға).

Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады. 

Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

Атаулы көмекті тағайындау мәселелері бойынша «Саран қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-ге, Ленин даңғылы, 11 үй мекенжайы бойынша жүгінуге болады. Анықтама телефоны: 8(72137)76804, (872137)74807.

Дата публикации
15 февраля 2023