«Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау»

                     

«Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға «Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік қызметін ұсынады.

Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы өзінен немесе отбасы атынан «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) немесе Ақтас кентінің әкіміне келесі құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтініш беру арқылы жүгінеді:

1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);

2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәлімет;

3) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын акт және/немесе құжат.

Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәлімет берілмейді.

Құжаттар салыстыру үшін түпнұсқада ұсынылады, содан кейін құжаттар көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады.

Порталға:

мемлекеттік қызмет көрсету үшін - өтініш;

мемлекеттік қызмет көрсету туралы ақпарат алу үшін - көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу.

Жеке басын куәландыратын құжаттың, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың, мүгедектігін растайтын құжаттың, адамның электрондық өтініште көрсетілген әлеуметтік маңызы бар аурудың бар-жоғын растайтын құжаттың мәліметтерін көрсетілетін қызметті алушы «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

Құжаттарды қараудың және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін берудің жалпы мерзімі көрсетілетін қызметті беруші құжаттар топтамасын қабылдаған және тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

Құжаттардың толық топтамасын берген кезде көрсетілетін қызметті алушыға:

көрсетілетін қызметті беруші немесе Ақтас кентінің әкімі - тіркелген күні мен мемлекеттік қызметті алған күні, құжаттарды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон береді;

портал арқылы - көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі:

Қабылданған шешім туралы хабарлама немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

Порталда әлеуметтік көмекті тағайындау туралы хабарлама, сондай-ақ әлеуметтік көмекті тағайындау туралы ақпарат көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» жолданады.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздеме:

1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталса;

2) өтініш берушінің адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартуы, жалтаруы;

3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен асып кетуі;

4) мемлекеттік қызметті көрсету үшін талап етілетін келісу туралы сұрау салуға уәкілетті мемлекеттік органның теріс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;

5) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге ұсынылатын келісімінің болмауы.

Көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі - АПК) 91-бабының 1-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің, лауазымды адамның шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқылы.

Шағым көрсетілетін қызметті берушіге, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адамға беріледі.

Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам шағым түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей әкімшілік істі жоғары тұрған әкімшілік органға (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жолдайды.

Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса, іс-әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағым жолдамауға құқылы.

Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы «Мемлекеттік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінуге құқылы.

Мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін қызметті берушіге келіп түскен қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі - АПК) 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және Саран қаласы мен Ақтас кентінің мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына (Саран қалалық мәслихатының 2013 жылғы                               12 желтоқсандағы № 279 шешімімен бекітілді) сәйкес, әлеуметтік көмек атаулы күндер мен мереке күндеріне және өмірлік қиын жағдай туындаған кезде ұсынылады.

Атаулы күндер мен мереке күндеріне мыналар жатады:

1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:

бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);

оқу-жаттығу жиындарына шақырылған және ұрыс қимылдарын жүргізу кезеңінде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілерге;

ұрыс қимылдарының жүргізу кезеңінде осы елге жүктерді жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілеріне;

бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларға ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшілеріне;

Ауғанстанда кеңес әскери контингентіне қызмет көрсеткен, жараланған, зақым алған немесе мертіккен ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшілерге;

Ұлы Отан соғысы кезеңінде алған жаралануы, зақым алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға;

2) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамына:

адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балаларға;

амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулез ауруы бар адамдарға;

мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін және оқитын көп балалы отбасылардан шыққан балаларға;

санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған 1топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

3) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне:

1992 жылғы қыркүйектен 2001 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейінгі кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына бітімгершілік ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне;

1986-1991 жылдар аралығында Таулы Қарабақта этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ басшы және қатардағы құрамының адамдарына;

4) 9 мамыр - Жеңіс күніне:

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға;

еңбек ардагерлеріне;

«Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында айқындалған «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа адамдарға;

5) 4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне:

адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балаларға;

амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулез ауруы бар адамдарға;

санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған 1топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

6) 6 шілде - Астана күніне:

«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға;

төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған, соның ішінде оқытудың күндізгі нысаны бойынша орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, оқу орынын аяқтағанға дейін кәмелеттік жасқа толған білім алушы балалары бар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін), көп балалы отбасыларға;

7) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне:

адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балаларға;

амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулез ауруы бар адамдарға;

санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған 1топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

8) 1 қазан - қарттар күніне:

жетпіс бес жасқа толған және одан асқан адамдарға;

9) 25 қазан - Республика күніне:

мүгедектігі бар адамдарға;

мүгедектігі бар балаларға;

санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған 1топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін және оқитын көп балалы отбасылардан шыққан балаларға;

10) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне:

1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысқан, «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларға;

адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балаларға;

амбулаториялық емдеу кезеңінде туберкулез ауруы бар адамдарға.»;

Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде көрсетілетін әлеуметтік көмектің шекті мөлшері - жүз айлық есептік көрсеткіш.

Әлеуметтік маңызы бар ауру болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша көрсетілетін әлеуметтік көмектің шекті мөлшері - он айлық есептік көрсеткіш.

Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау мәселелері бойынша «Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-ден консультация алуға болады, мекенжайы: Саран қаласы, Жеңіс көшесі, 45 үй, байланыс телефоны - 79077

Дата публикации
15 февраля 2023