2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысы.

  2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 85-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (бұдан әрі – ұлттық жоба) бекітілсін.

      2. Ұлттық жобаны іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша) және өзге ұйымдар (келісу бойынша):

      1) ұлттық жобаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;

      2) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы ақпарат беріп тұрсын.

      3. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық жобаның жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен көзделген
іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  

Дата публикации
12 октября 2021