1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабының 5-тармақшасының он тоғызыншы абзацына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – АОЖБ) сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну тәртібін айқындайды.
- Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – портал) – Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген сома шегінде құнын өтеуі шарттарымен оларға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру обьектісі;
2) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
3) ымдау тілі маманы – мүгедектігі бар адамдар үшін қандай да бір тілден дактильді әліпбиге және (немесе) ымдау тілінде сурдоаударма жасау бойынша қызмет көрсететін маман;
4) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Қордың қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
- Ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуға медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып әзірлеген АОЖБ негізінде жүзеге асырылады.
- Ымдау тілі маманының қызметтері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуға өтінішке сәйкес АОЖБ іс-шарасын іске асыру мерзіміне жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.
- Есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектігі бар адамнан ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу құқығына сенімхат алған адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тұрғылықты жері бойынша:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация);
2) Астана, Алматы және Шымкент қалаларының (бұдан әрі – қалалық басқармалар), аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) (бұдан әрі – жұмыспен қамту бөлімдері);
3) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал);
4) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы (бұдан әрі - абоненттік құрылғысы).
Проактивті қызмет арқылы рәсімдеу кезінде өтінішті ұсыну талап етілмейді.
"Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу" проактивті қызметін көрсету тәртібі осы Қағидалардың 2-тарауының 2-параграфында көзделген.
"Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі осы Қағидалардың 2-тарауының 3-параграфында көзделген.
- Қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің маманы өтініштерді "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің кезегінің электрондық журналына (бұдан әрі – "Е-Собес" ААЖ) олардың түсу ретіне қарай тіркейді.
- Уәкілетті мемлекеттік орган осы Қағидаларға өзгерістер енгізілген және (немесе) толықтырылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оларды жаңартып және қалалық басқармаға, жұмыспен қамту бөліміне, Бірыңғай байланыс-орталығына, Мемлекеттік корпорацияға, "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына жолдайды.