Атаулыәлеуметтіккөмектітағайындаужәнетөлеуқағидалары

  1. Осы Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабы 5) тармақшасының он жетінші абзацына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш берген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен мансап орталығы бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      2) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      3) ассистент – әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдем көрсету жөніндегі функцияларды орындайтын мансап орталығының қызметкері;

      4) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;

       5) әлеуметтік бейімдеу шаралары – Кодекстің 161-бабында айқындалған мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау және оңалту шараларын, мұқтаж болып табылатын адамдарға Кодексіне сәйкес көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын іс-шаралар кешені;

      6) әлеуметтік бейімсіздік – жеке адамның әлеуметтік ортамен өзара байланысының бұзылуы;

      7) әлеуметтік депривация – адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыру мүмкіндігін шектеу және (немесе) одан айырылу;

      8) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға және табысы аз адамға (отбасына) оның (олардың) кедейлік шегінде болуымен байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын мансап орталығының қызметкері;

      9) әлеуметтік келісімшарт – тараптардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мен еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) арасындағы, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке немесе заңды тұлғалармен құқықтарын және міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

      10) Бiрыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша – ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;

      11) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

       12) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;

      13) жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      14) жиынтық табыс –атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін табыс түрлерінің сомасы;

      15) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралардың үлгілік тізбесі (бұдан әрі – Үлгілік тізбе) – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен және әлеуметтік келісімшарт жасау кезінде пайдалану үшін ұсынылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің және әлеуметтік бейімдеудің белсенді шараларының тізбесі;

      16) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;

      17) мансап орталығы – еңбек мобильділігі орталығының аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада оның функцияларын орындауды жүзеге асыратын филиалы;

      18) атаулы әлеуметтік көмек және бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі әрбір балаға ай сайынғы қосымша төлем төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпочта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      19) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      20) табысы аз адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);

      21) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеу, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      22) учаскелік комиссия –атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеу жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылған арнайы комиссия;

      23) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия – аудан аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;

      24) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия – облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру және әлеуметтік көмек мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын комиссия;

      25) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жұмыссыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылғандардың жекелеген санаттары қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарын және қандастарды, сондай-ақ Кодексімен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік қолдау шаралары;

      26) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе.

Атаулыәлеуметтіккөмектітағайындаужәнетөлеуқағидалары
Дата публикации
26 января 2024