Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/8 «Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы

 

 

Көкшетау қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

  1. «Көкшетау қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/8 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8654-03 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген шешімнің 1-қосымшасында:

3-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

«3. Осы Үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Көкшетау қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

3) әлеуметтік көмек – Көкшетау қаласы әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;

4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – «Көкшетау қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі»  мемлекеттік мекемесі;

5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

11) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

12) цифрлық құжаттар сервисі – «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

13) «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің «ортақ терезесі» дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

14) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.»;

7-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

«7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:

1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;

3) әлеуметтік маңызы бар аурудың болуы;

4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;

5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;

6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы.

Дүлей апат немесе өрт салдарынан мүлкіне залал келген болса, әлеуметтік көмек залал келген мүлік орналасқан жер бойынша меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан көрсетіледі.

Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.»;

10-тармақтың 6 тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

«6) 1 қазан – Қарттар күніне:

 зейнеткерлерге 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;»

11-тармақтың 1 тармақшасының екінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:

«амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;»;

13-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

«13. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;

4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.»;

14-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

«14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

Әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу өтініш берген кезде белгіленген көрсеткіштер (айлық есептік көрсеткіш, ең төменгі күнкөріс деңгейі) бойынша жүргізілуге ​​тиіс.»;

15-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

«15. Әлеуметтік көмек:

1) алушы қайтыс болған;

2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс кеткен;

3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.

Осы тармақтың 3) тармақшасы осы қағидалардың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.

Осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмек төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.».

  1. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

 

Дата публикации
15 октября 2024