
Ел аумағы бойынша медициналық пойыздарды бағыттау жобасын іске асыру мақсатында Тимирязев ауданының Ақсуат станциясына «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы келді. Қарсы алу рәсіміне облыстық мәслихат депутаты Сәуле Сұрағанова қатысты.
Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен іске асырылып жатқан әлеуметтік жоба.
«Саламатты Қазақстан» «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі болып табылады.
Жобаның негізгі мақсаты-сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайтын тұрғындарды тегін медициналық тексеру және диагностикалау.
Медициналық персоналдың құрамында әртүрлі бейіндегі білікті мамандар бар: хирург-травматолог, окулист, отоларинголог, невропатолог, стоматолог, кардиолог, гинеколог, педиатр, психолог, жалпы практика дәрігері және т.б. сондай-ақ азаматтарға тиімді құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмегін тегін көрсететін кәсіби медиатор мен заңгер тартылған.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызында жапондық және неміс өндірісінің жабдықтары бар: аппаратура пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді.
Кестеге сәйкес 24 шілдеден 31 шілде аралығында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болады және Қайранкөл (Жамбыл ауданы), Тайынша қаласы, Чкалово селосы (Тайынша ауданы), Дәуіт (Ақжар ауданы), Қызылту (Уәлиханов ауданы) станцияларында қызмет көрсетеді.