
Облыстық мәслихат депутаттары мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысына қатысты. Онда мәдениет, мұрағат ісі, ономастика, геральдика және спортты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Отырысты кіріспе сөзбен ашқан Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп: «Бүгінгі шараның мақсаты – азаматтарымызды алаңдататын мәдениет, мұрағат ісі, ономастика, геральдика және спорт салаларын дамытудың өзекті мәселелерімен танысу болып отыр. Сенаторлар жергілікті жерлерде өкілдерге құлақ қойып, тыңдауға және құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, өзекті мәселелерді, оның ішінде заң шығару қызметі арқылы пысықтауға және шешуге дайын», - деді.
Өңірдегі аталған мәселелер бойынша жағдай туралы облыстық мәслихаттың халықтың денсаулығын сақтау, оны әлеуметтік қорғау, білім, мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ольга Клишина сөз сөйледі.
Ольга Геннадьевна өз сөзінде «Соңғы үш жылда облыста ономастикалық комиссия үлкен жұмыс жүргізді: 400-ден астам көше, елді мекендер, 2 ауылдық округ атауы өзгертілді. 12 мәдениет және спорт нысандарына, оқу орындарына, мектептерге, колледждерге Қазақстанның белгілі тұлғаларының есімдері берілді. Ал барлығы 300-ден астам көше, 13 ауылдық округ, 33 елді мекен атауын өзгерту қажет. Мұның себептері түсінікті, өйткені бұрынғы атаулар моральдық тұрғыдан ескірген. Тарихшылардың, өлкетанушылардың зерттеулеріне негізделген бұл тарихи шындық», - деді.
Сондай-ақ, мәслихат депутаттары парламентшілерге өз өңірлеріндегі ахуалды шешу жөніндегі ұсыныстарын да айтты.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты