
Ең шалғайдағы Уәлиханов ауданына ерекше назар аударылады. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – жолдардың жағдайы.
Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Кішкенекөлден РФ шекарасына дейін орташа жөндеу басталады. Ұзындығы 35 шақырымды құрайтын «Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл» облыстық жолы жөнделіп, елді мекендер арасындағы қатынас жақсармақ. Сондай-ақ мұнда су тасқыны кезінде зардап шеккен көпір қалпына келтірілуде. Ақтүйесай ауылында 11 көшеге асфальт төселініп жатыр. Сонымен қатар ауылда фельдшер-акушерлік пункт салынуда.
Аудан орталығы – Кішкенекөлде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек. Бұл - заманауи емхана және спорт залы бар жабық бассейн. Сондай-ақ аудан орталығында стадион мен мектеп күрделі жөндеуден өтуде.
Сонымен қатар, өңір басшысы «Жолдасбай Агро» серіктестігінің егістік және астық қабылдау нысанында болып, Уәлиханов ауданының шаруаларымен кездесті.
СҚО әкімі Ақжар ауданында Бостандық-Киевское жолындағы жөндеу жұмыстарын бақылап, Талшық пен Тайыншадағы орталық қазандықта жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Сондай-ақ Тайынша ауданында бөдене фермасы мен "Alabota GCK" ЖШС асыл тұқымды асылдандыру кешенінде болды.