
Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл ауданының халқымен кездесу өткізіп, жиында ауданды дамыту жоспары мен өзекті мәселелер талқыланды.
Биыл Есіл ауданында 7 ауылішілік жолдар, 6 ауылға кіреберіс жол жөнделеді. 8 ауылды байланыстыратын "Покровка-Ильинка-Мектеп" автожолын күрделі жөндеу аяқталады. Петровка мен Чириковкада фельдшерлі-акушерлік пункт, Николаевкада дәрігерлік амбулатория салынады. 3 ауыл мектебі жаңарады, Бірлікте ауылішілік су желілері тартылады.
Заградовка ауылында жергілікті "Заградовское" және "Прометей агро" серіктестіктері тұрғындарға бар жағдайды жасауда. Демалыс үшін мәдениет және спорт нысандары жұмыс істеуде. Жыл бойы жұмыспен қамтитын жаңа сүт фермасы бар. Еңбеккерлерге жайлы үйлер салынды. Өңір басшысы шаруашылық пен медициналық мекемеде істейтін Жантуғановтар отбасының шаңырағында болып, келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтады.
Сондай-ақ іссапар барысында облыс әкімі асфальт-бетон зауытының құрылысымен танысты, жаңа нысан биыл мамыр айында іске қосылады. Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылап, ауыл шаруашылығы колледжіне де барды.