
Бүгін өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде Петропавлды дамыту жоспары айтылып, қала тұрғындары толғандырған сауалдарын қойды. Облыс әкімі тұрғын үй, абаттандыру, жолдарды жөндеу, автобустарды жаңартуға қатысты жоспарларын ортаға салды.
🔹️Баспана алу – өзекті мәселелердің бірі. Петропавлда биыл «Қызылжар жастары» жеңілдетілген ипотекасы іске қосылады. Денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау, азаматтық қорғаныс және энергетикада қызмет ететін жас отбасылар қатысады. "Жобаға сұраныс бар, адамдар күтуде, қаржы қарастырылған", - деді өңір басшысы.
🔹️Қаланы абаттандыру да жалғасады. Облыс орталығында 593 аула болса, оның жартысын жаңарту қажет. Биыл 60 аула жөнделмек. 5 жылда барлығы 260 аула қамтылады. Сондай-ақ қалада 7 автотұрақ пен 20 жылытылған аялдама орнатылады.
🔹️Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қоғамдық атаулы саябақтар құрылады. Бұл бастаманы өңір кәсіпкерлері қолдап, қаржыландыруға келісті. Олардың ішінде: Геннадий Зенченко, Дмитрий Шарапаев сынды бизнесмендер, «Севказэнерго», «Қызылжар су» және «Alageum Electric» кәсіпорындары бар.
🔹️Жолдарды жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жалғасады. Облыс орталығындағы көшелердің барлығына асфальт төселмегені жасырын емес. "Біз екпінді орталықтан қаланың шетіне аударамыз. Петропавл әкіміне 5 жылда қиыршық тас төселген жолдарды асфальтқа ауыстыруды тапсырдым. Биыл қаланың 44 көшесі жөнделмек, оның ішінде 39 көшеде бұрын асфальт болмаған".- деді СҚО әкімі.
🔹️Қоғамдық көліктің жағдайы да азаматтарды алаңдатып отыр. Қазір қалада 115 жаңа автобус жолға шығады. Ескі автобустар жүретін маршруттар да бар. 2-ші жартыжылдықта тасымалдаушылар 30 жаңа автобус сатып алмақ.
"Кездесуде қойылған сұрақтардың барлығын бақылауға алдық. Қалалықтардың ұсыныстары - облыс орталығын одан әрі дамытуға нақты бағдар болады". – деді СҚО әкімі.