
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдап, оның барысында солтүстікқазақстандықтар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Орынбай Смағұлов облыс орталығының жол-құрылыс инфрақұрылымын дамыту тақырыбын көтерді. Оның ішінде жол өткелдерін қайта құру, бағдаршамдарды реттеу және қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіру бар. Аймақ басшысы тиісті басқарма басшылары мен Петропавл қаласының әкіміне мәселеге түсіністікпен қарап, азаматтың ұсыныстарын қарауды тапсырды.
Қажымұрат Әлжанов Ауған соғысының ардагерлеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты мәселемен келді. Сонымен қатар, бір мектептің базасында әскери-патриоттық орталық құру мүмкіндігін сұрады. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы бұл жобаны жүзеге асыруда.
Асылбек Айкенов еркін экономикалық аймақ аумағында ақуыз зауытының құрылысын қаржыландыру мәселесіне қатысты сауал көтерді. Кәсіпкерге жеңілдетілген несие беру механизмі мен аталмыш жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы толық түсіндірме берілді.