
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің басшылығымен әкімдік отырысында өңірдің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, 2024 жылға арналған жоспарлар белгіленді. Өткен жылы облыс экономикасының негізгі көрсеткіштерінің дамуында оң динамика байқалды.
2023 жылы ауыл шаруашылығында 851 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезеңде өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 647 млрд теңгені құрады. Облыста құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 25 пайызға өсіп, 160 миллиард теңгеге жетті. Өңірде 305 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тиісті басқармаларға өткен жылдарға талдау жасай отырып, әр ауданның мүмкіндігі мен әлеуетін ескере отырып, 2024 жылға арналған даму көрсеткіштерін бекітуді тапсырды.
Биыл ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін ұлғайтып, тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үй салу бағдарламасына қатысу үшін шаруалар пулын анықтау қажет, оның аясында жұмыс берушілердің шығындары өтеледі.
СҚО әкімі мемлекеттік сатып алулардың орындалу барысы, маңызды инвестициялық жобалардың жүзеге асуын, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатқа сай жұмсалуын бақылауда ұстауды тапсырды.