
Айыртау ауданының Лобаново ауылында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Жаңа нысанда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов дәрігерлер және ауылдықтармен кездесті. Бұл амбулатория 4 ауылда тұратын 1,6 мың адамға сапалы медициналық қызмет көрсетеді.
Өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінде Арықбалық ауылының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде тұрғындар сұрақтарын қойып, келесі жылға жоспарлар нақтыланды. 2024 жылы Арықбалықтағы ауылішілік жолдар жөнделеді.
Ғабит Мүсірепов ауданында облыс әкімі Сокологоровка ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл ауылдың тұрғындары жер мәселесі бойынша Ғауез Нұрмұхамбетовтың қабылдауында болған еді. Бүгінгі кездесуде ауылдың одан әрі дамуы және инвестордың жұмысы әңгіме арқауына айналды.
Тахтоброд ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттың құрылысы аяқталуға жақын.
Бұдан кейін СҚО әкімі Ковыльное ауылына барып, өңірдегі белгілі диқан Серік Малаев бастаған шаруашылықтың жұмысымен және елді-мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.