СҚО әкімі брифингінің мәтіні

СҚО әкімі брифингінің мәтіні

Құрметті жерлестер!

Облыстағы жағдай біздің бақылауда. Өңір шекарасы жабық. Осы күнге дейін 49 жағдай тіркелді, жаман індеттен 33 адам емделіп шықты. Соңғы жағдайлар сырттан әкелінді. Айта кету керек, еліміз бойынша науқастар ең аз тіркелген аймақ — Солтүстік Қазақстан облысы. Бұған қатаң карантин мен тұрғындардың тәртібі негіз болды.

Біз карантинді біртіндеп жұмсартып келеміз. Облыстың өмірі бұрынғы қалпына келді. Негізгі кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын тоқтатқан емес. Карантин кезінде 79 мың адам жұмысқа шықты.

Барлығына талап бірдей: санитарлы нормаларды сақтау. Мамандар cоңғы екі аптада 2 мыңнан аса нысанды тексерді. Нәтижесінде 227 кемшілік анықталды. Кейбір дәмханалар, дүкендер мен шаштараздар талапты орындамай отыр. Мысалға, «Центр плова» дәмханасы, «Дана» шаштаразы және «Мотомир», «Марс», «Салтанат» сынды дүкендер.

Барлығында заң бұзушылықтар ұқсас: қызметкерлер мен келушілер маска тақпайды, сатушылар қолғап кимейді, белгілер жасалмаған. Егер де бұл кемшіліктер түзелмесе, соттың шешімімен аталмыш нысандар карантин біткенше дейін жабылады.

Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Облыс бойынша құрылыс және жөндеу жұмыстары басталды. Көптеген жұмысшылар тартылды. Басқа өңірлерден де келді. Мердігерлер ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігін ойлауы тиіс. Құрылыс алаңдарында мемлекеттік органдар қатаң бақылау жасайды.

Қазір облыста кинотеатрлар, түнгі клубтар, ойын-сауық орталығындағы фуд-корт пен балалар алаңы, кальян мен компьютер клубтары жабық тұр. Қызмет көрсету саласының жұмысшыларын түсіністікпен қарауға шақырамын.

Біздің облыспен көршілес елдің аймақтарында жағдай тұрақты емес. Жалпы, Ресей науқастардың саны бойынша әлемде үшінші орында. Біздің шекарада қатаң бақылау жалғасуда. Күн сайын шекара арқылы 350 адамға дейін өтеді. Олар — біздің азаматтар: студенттер мен вахтада істеген жұмысшылар. Олардың барлығы тест тапсырады.

Шекараны жаяу өткен азаматтар карантиндік стационарға жатқызылады. Бүгінде облыс бойынша күніне 1 мыңға жуық тест жасалады. Бұның барлығы облыста вирустың таралмауына септігін тигізеді.

Құрметті ағайын!

Облыстың шекарасы жабық болғанмен, вирустың таралып кету қаупі жоғары. Елімізде өсім байқалады. Сондықтан, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. Егер жағдай қиындайтын болса, карантин режимін күшейтуге тура келеді. Әрине, бұны ешкім қаламайды. Бізге тұрғындардың жауапкершілігі мен түсіністігі керек.