Аппарат жиналысында «Qyzyljar» экономикалық аймағының жұмысы мен медицинаны дамыту қаралды

Аппарат жиналысында «Qyzyljar» экономикалық аймағының жұмысы мен медицинаны дамыту қаралды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен аппарат жиналысында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының жұмыс қорытындылары мен даму перспективалары талқыланды. Бүгінде мемлекет екі субаймаққа инфрақұрылым тартып, 3 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өндірістің жалпы көлемі 111 млрд теңгені құрады. 300 астам жұмыс орны ашылды.

Аймақ басшысы тиісті басшыларға №3 және №4 субаймақтарына инженерлік желілерді тарту жобаларының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ СҚО әкімі «Qyzyljar» жобаларын іске асыру және дамытуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші тақырып – денсаулық сақтау саласын дамыту. Облыста 46 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, оның сегізі жыл соңына дейін ашылмақ. Сондай-ақ облыстағы 27 емдеу мекемесін қамтыған ауқымды жөндеу науқаны жүргізілуде. Ғауез Нұрмұхамбетов «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» Ұлттық жобасы аясындағы нысандар құрылысының мерзімінде аяқталуын ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ күрделі жөндеуді сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, 2024 жылға арналған денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеу бойынша ұсыныстар енгізу қажет.

Айта кетерлігі, салада кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде облысқа 144 дәрігер қажет. Осы орайда аймақ басшысы мамандарды тарту жұмыстарын жалғастырып, ауылдарға келетін дәрігерлерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.