
Тайынша ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қарағаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Әңгіме барысында ауылды дамыту талқыланып, тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді.
"Қазір Қарағаштағы 6 көшенің жолдары жөнделуде. Келесі жылы су желілерін жөндеуді қарастырамыз. Фельдшерлі-акушерлік пункттың құрылысы басталады", — деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Астық STEM» серіктестігі де елді мекенге көмек қолын созуда. Серіктестік басшысы медициналық нысанға автокөлік алуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ ауданда жасаған жұмыс сапары кезінде өңір басшысы кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, картоп пен сәбіз жинау барысын қарап, алқап басында диқандармен тілдесті.