Солтүстік Қазақстан облысында мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. СҚО әкімі Айдарбек Сапаров мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың рухани дамуы үшін мәдениет пен өнерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде ақ қайыңдар өлкесінде мәдениет пен өнердегі жетістіктердің мол екенін айтты.
«Сіздер рухани құндылықтарды сақтау мен дамытуға, шығармашылықтың өрлеуіне зор үлес қосып келесіздер», - деді Айдарбек Сапаров.
Мемлекет мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Солтүстік Қазақстан облысында мәдени өмірде оң өзгерістер орын алуда. Облыста бұл салаға арнайы гранттар бөлініп, болашақ мамандар еліміздің 5 жоғары оқу орнында білім алуда. 2025 жылға қарай мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өседі.
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимараты бой көтерді. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жаңартылды. Жыл сайын аудандық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Реставрациядан кейін облыс орталығында Ислам мәдениеті мұражайы ашылды.
Жергілікті шығармашылық ұжымдар әлемдік сахнаны бағындыруда. «Sensitive» би ансамблі Дубай фестивалінде Гран-при, 2022 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды.
Солтүстік өңірінде сала ардагерлеріне көңіл бөлінуде. Биыл алғаш рет мәдениет саласының ардагерлеріне Қазақстандағы шипажайларға тегін жолдамалар беріледі.
Сондай-ақ биыл шығармашылық ұжымдардың шетелге гастрольдік сапарға шығуына қомақты қаржы бөлінді. Қазақ сазды-драма театры Грузияға, «Sensitive» би театры Испанияға аттанады. Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртістері Оңтүстік Корея мен Италияда көрермендер алдында өнер көрсетеді.
Марапаттау рәсімінде СҚО әкімі мәдениет саласының өкілдеріне Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті. Сондай-ақ, бірқатар мамандар «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Шара мерекелік концертке ұласты. Бұл күні Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет қызметкерлері сахнада емес, залда қонақ ретінде болды. Мерекелік шараға қатысушылар үшін Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» елордалық әртістер өнер көрсетті.