
«Бүгін 97 жасқа қараған шағында соғыс ардагері Қожатай Сейтахметұлы Некібаев дүниеден озды. Ардагердің отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтамын», — деп жазды СҚО әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қожатай Некібаев соғысқа 17 жасында аттанған. 2-ші Украина майданында соғысып, Румыния, Австрия және Чехословакияны азат етті. Жеңісті Венада қарсы алды. Ерлігі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы ордені және түрлі медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін майдангер тағы үш жыл танкист болып қызмет етті. Отанына оралып, педагогикалық білім алды. 30 жылдан астам бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Жұбайымен бірге 10 бала тәрбиелеп өсірді.
«Жуырда Жеңіс күнінде ардагердің үйінде болған едім. Қожатай Сейтахметұлы өмірінің соңғы күндеріне дейін қайратты әрі жігерлі еді. Әскери оқиғаларын айтып, даналық кеңестерін беріп отырды. Сол сұрапыл соғыстың ардагерлері бізге бақытты да еркін өмір сыйлады. Олардың ерліктерін әрқашан есте сақтап, құрметтеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек», — деп жазды өңір басшысы.