СҚО әкімі шекаралас ауылдың тұрғындарымен кездесті

СҚО әкімі шекаралас ауылдың тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысының тапсырмасымен СҚО әкімі Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының шекаралас ауылдарын аралауда.

Президент шекаралас аудандар мен ауылдардың дамуына қосымша серпін беруді, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

16 мамырда СҚО әкімі Жамбыл ауданына сапары барысында шекаралас Буденное ауылының халқымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар ауылдың өзекті мәселелерін ортаға салды.

Буденное ауылына кіре беріс жол жөнделді, енді ауылішілік жолдарды жөндеу қажет. Сондай-ақ, тұрғындардың айтуынша, ауыз су, автобус қатынасы, мәдени демалыс мәселесі өткір тұр.

Барлық сауалдар мен ұсыныстарды тыңдаған аймақ басшысы ауыл тұрғындарына барлық мәселелер шешімін табады деді. Санация әдісімен су тарату желілерін тартуға және орталық көшеге асфальт төсеуге бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді.

Автобус қатынасын ұйымдастыру үшін тасымалдаушыны субсидиялау қарастырылған. Ғимарат жөнделіп, мәдени-демалыс орталығы ашылады.

Жалпы, облыс әкімі Жамбыл ауданында әлеуметтік нысандарды аралап, аудандық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарымен, шекара бекетінің құрылысымен танысып, егіс науқанының барысын бақылады.

Бекітілген кестеге сәйкес облыс әкімі облыс аудандарында халықпен кездесулер өткізуде. Алдағы күндері басқа аудандарға сапарлар күтілуде.