Солтүстік Қазақстан облысында ай сайын заманауи сүт фермалары іске қосылуда. СҚО әкімі Айдарбек Сапаров Аққайың ауданына жұмыс сапары кезінде Власовка ауылындағы Гердт шаруа қожалығының жаңа сүт фермасында болды. Жобаға 1,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Мұндай әр ферма 50-ге дейін жаңа жұмыс орындарын құрады.
Ферманы іске қосу «Солтүстік» ӘКК арқылы жеңілдетілген қаржыландыру бойынша пилоттық жобаның арқасында мүмкін болды.
Бұл ауданда «Гагарино» серіктестігі тағы бір сүт фермасын салып жатыр. Инвестиция көлемі - 3 млрд.тг
«Биыл облыста 15 сүт фермасының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 9 кешен іске қосылады», - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желілердегі парақшасында.
Облыста биыл ауыл шаруашылығында 83 миллиард теңгенің 38 инвестжобасы жүзеге асуда.
Бұл сүт фермалары, бройлер құс фабрикасы, майды экстракциялау зауыты, жылыжайлар мен қой фермалары. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұған қоса, Аққайың ауданында өңір басшысы Власовка ауылының тұрғындарымен кездесіп, өңірде жаппай басталған көктемгі егіс жұмыстарын бақылады.