Облыс әкімі Айдарбек Сапаров «Қызылжар су» мен «Есіл су» кәсіпорындары, теміржол вокзалы, әуежай мен сапаржайға барды.
Әуежай – облыстағы стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі. Әзірге әуежайда түнгі рейстер жоқ. Бұл кемшілікті жою үшін ұшу-қону жолағындағы жарықтандыру және сигнал беру жабдықтары жөнделді. Көктемде сертификаттық рейс жоспарланған, одан кейін жергілікті әуежай түнде де ұшақтарды қабылдай алады. Осының арқасында рейстердің саны өспек. Инвесторлар әуе айлағын дамытудың жоспарын дайындауда.
«Су желілерінің жағдайы да маңызды мәселе. Қазір желілердің 58% тозған. 2023 жылы «Қызылжар су» желілерді жөндеуге 139 млн теңге бөлді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайтуды тапсырдым, бұл жөндеу жұмыстарының көлемін өсіруге және апаттар санын азайтуға мүмкіндік береді», - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ 30 мың тұрғыны бар 30 ауылды қамтитын Преснов және Соколов топтық су құбырларын іске қосу жұмыстары ерекше бақылауда болады.