Аппарат кеңесінде екі мәселе қаралды: облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров медицина кадрларының тапшылығы мәселесін ерекше бақылауға алу керектігін атап өтті.
«Бізге мамандар тапшылығы мәселесін шешу үшін іс-қимыл жоспарын әзірлеу керек. Биыл қанша дәрігер керек, қаншасын жоспар бойынша жаба аламыз. Барлық жағдай жасалу керек. Қосымша қаржы керек болса, бөлейік. Мүмкін көтермеақының мөлшерін ұлғайту керек шығар. Олай болса, мәселені облыстық мәслихаттың сессиясына шығару керек», – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, аймақ басшысы техниканың бос тұрып қалуы немесе керісінше кейбір аудандарда дәрігерлерде қажетті медициналық құрал-жабдықтардың жоқтығы фактілері бар екенін айтты. Облыс әкімі мұндай жағдай орын алмау керек, емдеу мекемелерін кадрлармен және қажетті техникамен толық қамтамасыз ету керектігін баса айтты.