
«Бүгін Есіл ауданындағы нысандарды аралап, халықпен кездесу өткіздім. Ауданның 2023 жылға арналған даму жоспары талқыланды. Біз білім беру, денсаулық сақтау, ауылдық инфрақұрылым салаларына ерекше көңіл бөлеміз», — деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
2023 жылы Покровка-Ильинка-Мектеп жолын күрделі жөндеу аяқталады, Бесқұдық ауылына кіреберіс жол қалыпқа келеді. Сондай-ақ Чириковка, Николаевка, Тарангул, Бұлақ ауылдарының ішкі жолдары жөнделеді.
А. Игібаев мектебінің интернаты, Покровка мен Николаевкадағы дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өтеді. Аудандық ауруханада УЗИ аппараты орнатылады. Сонымен қатар, ауданда дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу қажет.
«Қызылжар ауданындағы өндірістік және әлеуметтік нысандарға бардым, ал кездесуде жұмыс жоспары белгіленді. Тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді. Жақында облыс бюджетін бекіттік, аудандардың барлық өтпелі және жаңа жобалары қолдау тапты», — деп жазды облыс әкімі.
Қызылжар ауданында жөндеу науқаны жалғасады. 2023 жылы Шаховское мен Рассвет ауылдарының кіреберісі жөнделмек. Петерфельд, Прибрежное, Вагулино, Новокаменка, Малое Белое, Бескөл, Налобино, Трудовое, Новоалександровка, Соколовка, Вознесенка, Олшанка және Красная Горка ауылдарында көше жолдары жөнделеді.
Чапаево және Петерфельд ауылдарын сумен қамту жақсарады. 2023 жылы Якорь және Прибрежное ауылдарында дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады. Пеньково мен Налобинодағы ауылдық клубтарды жаңартылады.