СҚО-да құс фабрикасы іске қосылды

СҚО-да құс фабрикасы іске қосылды

«Азық-түлік өндірісін ұлғайтып, өнім түрін көбейту –біздің міндетіміз. Мысалы, біз сұраныстан 4 есе көп жұмыртқа өндіреміз. Бұл ретте етті құс шаруашылығын дамытып жатырмыз. Жыл басында облыста бір бройлер құс фабрикасы болды. Қазан айында Қызылжар ауданында құс фабрикасы ашылды», — деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бүгін Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында бройлер құс фабрикасын іске қосылды. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін өндіреді. «Солтүстік бройлер» серіктестігі 7,2 млрд теңге инвестиция құйған. Инфрақұрылым мемлекет есебінен тартылды. Заманауи еуропалық қондырғылар орнатылды. Барлығы 165 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа құс фабрикасы жылына 100 мыңнан астам адамды етпен қамтамасыз ете алады.

Облыс орталығында 2023 жылы тағы бір құс фабрикасы іске қосылады. Үш құс фабрикасы толық қуатына шыққанда 16 мың тонна құс еті өндірілмек. Ал облыстың сұранысы 8,5 мың тоннаны құрайды. Яғни, сұраныс толық жабылады.