СҚО-жа жеке колледж ашылды

СҚО-жа жеке колледж ашылды

Лобаново ауылында «Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжi есiгiн айқара ашты. Жобаны жерлесiмiз, қоғам қайраткерi, Almaty Management University негiзiн қалаушы және президентi Асылбек Қожахметов жүзеге асырды. Бұл нысан бұрынғы Айыртау ауылшаруашылық колледжiнiң базасында орналасқан. Инвестор ғимаратты қалпына келтiру жұмыстарын жүргiздi. Күрделi жөндеуге және материалдық-техникалық базаны жабдықтауға 405 миллион теңге инвестиция тартылды. Бүгiнде колледж қабырғасында 28 адам еңбек етедi, штатты 70-ке дейiн көбейту жоспарда бар.

Колледжде студенттерге бар жағдай жасалған. Студенттер жатақханасы күрделi жөндеуден өттi. Қосымша корпус пен қызметкерлерге арналған жатақхана жөнделмек.

«Колледжге 100 мемлекеттiк грант бөлiнген. Лобаново ауылына жергiлiктi балалардан бөлек 5 облыстан студенттер де келiп бiлiм алуда. Контингент 500 студентке дейiн кеңейтiледi. Колледждiң ашылуы аймақты менеджмент және туризм саласының мамандарымен қамтамасыз етедi. Айыртау ауданында курорттық аймақ бар екенiн ескерсек, колледж студенттерi тәжiрибелерiн «Имантау» демалыс орындарында өтедi», — деп жазды облыс әкiмi Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiдегi парақшасында.