СҚО әкімі Уәлиханов ауданының тұрғындарымен кездесті

СҚО әкімі Уәлиханов ауданының тұрғындарымен кездесті

«Бүгін облысымыздың ең шалғай ауданы – Уәлихановқа келдім. Кішкенекөлде ауыл халқымен кездестім. Тұрғындармен сұрақ-жауап форматында пайдалы кездесу болды. Жиналған қауымға атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндадым. Биыл Уәлиханов ауданында жол, ауыз су, интернет пен медицина саласында жобалар жүзеге асуда», - деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жолдар. Биыл маңызды жобалардың бірі – Кішкенекөл-Дәуіт 57 км жолы жөндей басталады. Қулыкөлдің ішкі жолдарын жөндеуге 50 млн.теңге қарастырылды. Алдағы жылдары Өндіріс-Жұмысшы-Мырзагүл және Көктерек-Тоспа-Жасқайрат-Қайрат жолдары жөнделмек.

Ауыз су. Ауданда 684 млн.теңгеге Кішкенекөл, Қаратал және Қулыкөл ауылдарында су желілері жөнделді. Алдағы уақытта Актүйесай, Бидайық, Тельжан, Жас Ұлан, Акбұлақ, Көбенсай ауылдарында жұмыстар жүргізілмек.

Интернет. Уәлиханов ауданы үшін бұл өзекті мәселе болды. 2 жылда 15 ауылға ұялы байланыс орнатылып, тұрғындар интернетке қол жеткізді. 2022-2023 жылдары Жасқайрат, Карашілік, Тлеусайға мобилді байланыс орнатылады.

Медицина. Кешенді жоспар аясында Кішкенекөлде жаңа емхана салу жоспарда бар. Қазіргі ғимарат ескі және тар. Ауданға биыл 4 санитарлық көлік алынып, 6 медициналық қондырғы қойылады.

Кездесуден кейін өңір басшысы ауданда салынып жатқан ауыл шаруашылығы нысандарына барды. Биыл облыста 11 сүт кешені салынады. Оның біреуі - «Жолдасбай Агроның» 1,2 мың басқа шақталған сүт фермасы. 5 млрд.теңге инвестиция құйылады. Жылына 6 мың тонна сүт өндірмек. Облыста салынып жатқан екі бордақылау алаңының біреуін Уәлиханов ауданында «Орда Солтүстік KZ» жүзеге асыруда.