
«Ауылдардағы кездесулер жалғасуда. Бүгін кезекті кездесу Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында өтті. Тұрғындармен бірге Жаңажол ауылдық округінің өзекті мәселелерін талқыладық», - деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.
5 жылда бюджеттен округтың дамуына 287 млн.тг бөлінді. Жаңажолға кіреберіс 7 шақырым жол жөнделді. Кеңесте мектеп күрделі жөндеуден өтті. Округ ауылдарының көшелеріне шамдар орнатылды. «Азко-Жаңажол» серіктестігі Жаңажолда спорттық-сауықтыру кешенін салды.
Қазір округ тұрғындарын ауыз су мәселесі алаңдатып отыр. Биыл Жаңажол, Кеңес, Жаңаталап, Бірлік ауылдарына су құбырын тарту жұмыстары басталады. Бұл екі жылдық жоба, биыл 1 млрд.тг бөлінді. «Азко-Жаңажол» 10 отбасыға үйге су тартуға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, серіктестік Жаңажолда футбол алаңын, спорттық тренажерлер мен балалар алаңын орнатады.
«Оған қоса Мерген ауылына да бардым. Бұл жерде 5 жыл бұрын болған едім. Сол кезде «Гермес агро» серіктестігінің директоры Сергей Окунев ауылды жаңғыртамын деп еді. Сол уәдесін орындап жатыр. Ауылда «Жастар» спорт кешені салынды. Жұмысшыларына 7 жеке үй тұрғызды. Бүгін астық тазалау және кептіру, тұқымды дайындау кешені іске қосылды. Бұл агробизнестің тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі», - деп жазды өңір басшысы.